
Фото:коллаж arasha.kz
«Qazbilim» ұлттық лицейінің негізін қалаушы, білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы жекеменшік мектептерге қатысты қысым мен қандастарды елге әкелудің ауыртпалығына қатысты ойымен qandastar.kz-ке бөлісті.
-Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданды. Шынайы өмірде ұстаздардың жағдайы қаншалықты өзгерді?
-2015-2016 жылдарға дейінгі кезеңмен салыстырғанда мұғалімдердің жағдайы айтарлықтай өзгерді. Қазір бәсекелестік нарық қалыптасты, білікті мұғалімдерге сұраныс артты. Сауатты, кәсіби ұстаздың құқығын ешкім тартып ала алмайтын деңгейге жеттік. Бұл – оң өзгеріс. Дегенмен, заңның қабылдануы бір бөлек те, оның орындалуы бір бөлек. Кейде заңның орындалуы әлсіз, әр өңірде әрқалай жүзеге асып жатады. Бірақ бір нәрсе анық, қазір қоғамда білікті, сауатты мұғалімнің абыройы да, мәртебесі де бұрынғыдан әлдеқайда жоғары.
—Биыл «Qazbilim» ұлттық лицейіне қатысты түрлі қысымдар туралы айтылды. Мұғалімдердің айлығы кешікті деген алып-қашпа әңгіме ме?
-Шыны керек, мұғалімдердің айлығының кешігуі сияқты әңгімелер – белгілі бір нәтижелердің салдары. Оның артында түрлі жағдайлар тұр. 2023 пен 2025 жылдар аралығында болған кейбір қысымдар туралы қазір ашық айтуым қиын. Себебі, менің артымда үлкен ұжым, он бір жылдық тарихы бар жоба, үш жүзден астам қызметкер және ата-аналардың үміті тұр. Егер бұл тек менің жеке басыма қатысты болса, бар шындықты айту қиын емес. Бірақ бұл жердегі сөз жеке тағдырым туралы емес, үлкен ұжымның жағдайы туралы болып тұр.
—Жекеменшік білім беру мекемелерінің жұмысына мемлекет тарапынан бақылау қалай жүріп жатыр?
-Мемлекеттік бақылау әр өңірде әртүрлі. Менің ойымша, бәріне бірдей талап болуы тиіс. Жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, барлығы бір стандартқа, заң аясындағы ортақ талаптарға бағынуы қажет. Өкінішке қарай, қазір ала-құлалық көп. Ең үлкен әділетсіздік – мемлекет өз міндеттемелерін уақытында орындамауы. 2017-2023 жылдары инвестицияларды тарту жобасы қарқынды жүрді. Көп адам сеніп, қаржы салды. Бірақ 2023 жылдың қараша айынан бастап қаржыландырудың тұрақсыздығы, жекеменшік мектептерге деген көзқарастың өзгеруі талай адамды тіпті банкроттыққа дейін алып келді.
—Сіз туғандарыңызды «аманат» деп атайсыз. Аманатты арқалап жүрудің ең қиын тұсы қайсы?
—Иә, қытайланып бара жатқан ағайын көп. Бір әулеттің көшін бастап жүру оңай емес. Оларды Қазақстанға әкелу, жаңа ортаға бейімдеу, бала-шағасына қамқор болу – үлкен жауапкершілік. Аманат арқалаудың ең қиыны – сен бар ынтаңмен көмектескенде, тәуекелге барғаныңда, кейбір адамдардың сенің жақсылығыңды жамандық деп қабылдауы. Мысалы, биыл үш ұлттық мектебім жабылып қалды. Бұл – мен үшін ауыр соққы. Жеңілген кезде, сенген адамдардың сенен теріс айналуы – ең ауыр сәт.
—Бұл іс сізді шын жүректен қуантады ғой..?
—Бұл жолдағы ең үлкен қуаныш – олардың ата-анасының балаларының жетістігіне қуанған сәтін көру. Інімді оқытып, үлкен маман қылған соң ағамның: «Балам жақсы адам болды, рақмет» деген бір ауыз сөзі – барлық ауыр жүгіңді ұмыттырып жібереді. Тағы бір үлкен қуаныш – арғы беттегі туыстарымыздың біреуі болса да қазақ болып, осы елде білім алып, еңбекке араласуы. Бұл – мен үшін ең үлкен бақыт.
—Сіз әрдайым тіл мәселесін көтересіз. Қазақ тілінің болашағын қалай бағалайсыз?
—Мен тіл мәселесін неге көтеремін? Себебі қытай болып кетпеу үшін Отаныма оралдым. Енді келіп, дүбәра болғым келмейді, шүлдірлеген ұрпақты көргім келмейді. Қазір қазақ тілді орта өсіп келеді, бұған қуанасың. Бірақ соңғы жеті-сегіз жылда орыс тілінің қайтадан қарқын алып бара жатқаны, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақтың орыс тіліне қатты бет бұруы жанға батады. Тіл мәселесін шешу – заң мен саяси ерік-жігерге байланысты.
—Қандастардың елге оралуында қандай басты кедергілер бар? Мемлекет пен қоғам не істеуі тиіс?
-Ең алдымен – екі елдің саясатының айырмашылығы және бюрократиялық кедергілер (виза, құжат рәсімдеу). Екіншіден, тілдік кедергілер бар. Үшіншіден, ақпараттық кедергі – Қытайдағы ағайынға Қазақстан туралы көбіне жағымсыз ақпарат қана жетеді. Мемлекет ең әуелі құжат мәселесін жеңілдетуі керек (азаматтық алуды созбалаңға салмау) және елге келген балаларды мектепке кедергісіз қабылдауы қажет. Ал қоғам тарапынан ең бастысы – жылы қабақ танытып, шет қақпай көрсетпеу.
-Сұхбатыңызға рахмет!