Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының төрағасы қызметінен кететінін жариялап, оның орнына Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Партия съезінде сөз сөйлеген Перуашев жаңа төрағаның партия ішінен шығуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, болашақ көшбасшының өз ұстанымы, басқару стилі және партияның даму бағытына қатысты нақты көзқарасы болуы қажет. Осыған байланысты ол партияның танымал мүшелерінің бірі саналатын Дания Еспаеваны ұсынды.
Саясаткер бұл шешімді қабылдауға партия төрағасы ретіндегі 15 жылдық қызметіне байланысты айтылған құттықтаулар әсер еткенін жеткізді. Перуашев кез келген ұйымның дамуы үшін басшылықтың уақытылы жаңарып отыруы маңызды екенін айтып, ұзақ уақыт өзгеріссіз қалған басқару жүйесі монополияға және жаңа бастамалардың тежелуіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
