Қазақстанда жылдық инфляция баяулау үрдісін көрсеткенімен, өңірлер арасындағы баға айырмашылығы әлі де айқын. Әсіресе, азық-түлік бағасының өсімі бойынша Ұлытау облысы ел бойынша бірінші орынға шықты, деп жазады qandastar.kz сайты sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қарашасында Қазақстандағы жылдық инфляция 12,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қазан айындағы 12,6% және қыркүйектегі 12,9%-бен салыстырғанда біршама төмен.
Жылдық инфляция елдің 11 өңірінде баяуласа, бес өңірде жеделдеген, ал төрт аймақта өзгеріссіз қалған.
Қараша айында азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға өсті. Бұл санаттағы ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркеліп, 17,1%-ды құрады. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында байқалды – 11,2%.
Азық-түлік емес тауарлар бағасы да өсім көрсетті. Қараша айының соңында олардың жылдық қымбаттауы 11,2%-ды құрады. Бұл бағытта ең жоғары өсім Ақтөбе және Жетісу облыстарында тіркелді — әрқайсысында 13,2%. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында байқалып, 8,6%-ды құрады.
Ал ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны қараша айында баяулап, жылдық есепте 12,3%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар қараша айында ел бойынша айлық инфляция 0,8% деңгейінде қалыптасты.



