
«Қолжетімді интернет – қолжетімсіз» деген Нартай Аралбайұлы үкіметке тиісті хат жолдағанын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Депутат интернет бағасын екі есе арзандату керек деген талап та қойған.
Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі берген жауапқа көңілі толмаған.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, бәсекелестікті дамыту мақсатында 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап байланыс қызметтерінің тарифтері мемлекеттік реттеуге жатпайды.
ҚР КК 116-бабының 1-тармағына сәйкес, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер мен бағаларды кәсіпкерлік субъектілері дербес айқындайды.
«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» Заңының 20-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, байланыс операторлары негізделген шығындарға сүйене отырып, байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді дербес белгілейді» , — делінген жауапта.
«Байланыс операторлары ойына келген бағаны белгілей беретін болса, қымбат тариф қойған монополистерге «тоқтатыңдар, бағаны түсіріңдер» деп айта алмайтын болса, мемлекет бағаны реттей алмаса ендеше бізге тұтас ведомства не керек? Интернет тарифінің бағасы мен сапасын халық енді кімнен сұрауы керек», — деп түйіндеді өз ойын депутат.



