Жақында «Baitaq» партиясы қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ұсынған болатын. Журналист Назым Жанғазина бұл қадамды саяси “технологиялық әдіс” деп бағалады, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы.
Жанғазинаның айтуынша, «Baitaq» партиясы — былтыр парламентке өте алмаған жаңа ойыншылардың бірі. Сондықтан фракциясы жоқ партиялар өздерін таныту үшін «салмақты бастамаларға» жүгінеді, ал атақты тұлғаны Нобель сыйлығына ұсыну – тиімді тетік.
«Атақты адамды Нобельге ұсыну – имидждік технологияның бір түрі», – деп жазды журналист Telegram арнасында.
Журналистің пікірінше, Сүлейменовтің бейнесін қолдану партияның «үнін» күшейтудің амалы , бірақ Олжас Сүлейменов өз беделін партия қолдауынсыз да қалыптастырып қойған.
«Оның халықаралық антиядролық қозғалыстағы рөлі, әсіресе «Невада–Семей» қозғалысын ұйымдастыруы тек Қазақстанда емес, жаһандық деңгейде тарихи маңызға ие. Семей полигонының жабылуы – нақты нәтиже. Партиялар пайда болып, кейін жабыла беруі мүмкін, бірақ жабылған полигон тарихи факт болып қала береді», – деп атап өтті Жанғазина.
Сонымен қатар журналист Қазақстандағы алдағы сайлау науқаны ресми түрде жарияланбаса да, саяси алаңда белсенділіктің артқанын жеткізді.
«Саяси технология тұрғысынан алғанда, бұл – арзан, бірақ символдық тұрғыдан өте тиімді құрал», – деп қорытындылады ойын Назым Жанғазина.



