Жаңалықтар
Бақылау күшейтіледі: Қазақстанның бас санитария дәрігері маймыл шешегіне байланысты жаңа қаулыға қол қойды
фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Қазақстанның бас мемлекеттік санитария дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов әлемде маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаңа қаулыға қол қойды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қаулы Қазақстанға маймыл шешегінің келуі мен таралуының алдын алу бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу үшін қабылданып отыр. Жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік денсаулық сақтау органдарына маймыл шешегі ауруына күдікті адамдарды анықтау, эпидемиологиялық анамнез жинау, байланыста болған адамдарды оқшаулау, емдеу, медициналық бақылау бойынша меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің сақтығын арттыру бойынша оқыту жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Бұған қоса дайындық деңгейін көтеру үшін ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ медициналық ұйымдар маймыл шешегімен ауыратын науқас (күдікті адамдар) әкелінген жағдайда инфекциялық стационарлардың дайындығын қамтамасыз етуі керек. ҰҚК Шекара қызметіне соңғы 21 күн ішінде маймыл шешегі бойынша эндемиялық елдерден келген немесе сол елдерге барған Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Шекара бекеттерінде полицияның бақылау бекеттері орнатылады. Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту тапсырылды. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде барлық адамға міндетті байланыссыз термометрия жүргізіледі.
Әуежайларда қажет болған жағдайда термометрия қайта енгізіледі. Көлік министрлігі ЖҚҚ болуын қамтамасыз етуге тиіс. Көлік құралында жолаушыларды отыратын орындары бойынша отыруын қатаң бақылау тапсырылды. Маймыл шешегінің алдын алу бойынша тағы қандай шаралар қабылданғанын қаулыдан толығырақ оқуға болады.