Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Бала 1,5 жасқа толғанда төлем беріледі» деген ақпарат – жалған

Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін аналар алты ай бойы жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем ала алады деген ақпарат кең тарады.

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тараған хабарламаларда әйелдер мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелсе, мемлекеттен төлем рәсімдей алады деген «нұсқаулық» берілген.

Бірақ министрлік мұндай тәртіп заңнамада қарастырылмағанын атап өтті.

Ведомствоның түсіндіруінше, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Сол себепті ол ресми түрде жұмыссыз мәртебесін ала алмайды.

“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады, сондықтан ол жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі. Сондай-ақ жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалады”, – деп түсіндірді министрлік.

Министрлік өкілдері әлеуметтік төлемдерді алу үшін азаматтар міндетті түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы керектігін ескертті. Егер адам жұмысқа орналасса, бұл туралы мансап орталығына дер кезінде хабарлауы тиіс.

Сондай-ақ жалған мәлімет беру арқылы төлем алуға тырысқан жағдайда алынған қаражат мемлекетке қайтарылатыны айтылды. Мұндай әрекеттер кей жағдайда алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін.

Ведомство азаматтарды әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды. Ал жалған нұсқаулықтар мен кеңестер таратқан адамдар да заң алдында жауапкершілікке тартылуы ықтимал.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button