Танымал актриса, әнші Мирас Жүгінісовтің анасы Айнұр Жүгінісова кенже ұлы Мұхамедәлінің жастай шаңырақ көтеруіне қатысты ой бөлісті, деп жазады qandastar.kz.
Ол бұл туралы актриса Айнұр Ілиясовамен болған сұхбатында айтқан.
Айнұр Жүгінісованың айтуынша, Мұхамедәлі 17 жасында үйленген. Ол мұны ұлының алғашқы махаббатына байланыстырады. Актрисаның пікірінше, адамның алғашқы сезімі – өмір бойы ұмытылмайтын, жүректе сақталатын ерекше құбылыс, сондықтан соны қорғап қалғысы келген.
Ол Ромео мен Джульетта, Еңлік пен Кебек секілді ғашықтардың тағдырын еске алып, ата-ананың алғашқы махаббатқа қарсы шығуы көбіне қайғылы жағдайға әкелетінін тілге тиек етті.
«Егер Алла жазып тұрған іс болса, оған қарсы болып, баламды қолдамай қасарыссам, өзімді диктатор сезінер едім. Біз ешқандай заң бұзып, қоғамға зиян келтіріп жатқан жоқпыз. Табиғи заңдылық бар, оған қарсы шығу мүмкін емес», – деген көзқарасын білдірді Айнұр Жүгінісова.



