Жаңалықтар
Балаева билікте қанша әйел барын айтты
Фото: CMN.KZ
BeWoman Орталық Азия әйелдер форумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Парламенттегі және Үкіметтегі гендерлік теңдікке қатысты ой бөлісті, деп хабарлайды Qandastar.kz
Әйелдер форумында Аида Балаеваның бейнеүндеуі ұсынылды. Онда министр бірнеше әйелдің мемлекеттік биліктің барлық тармақтарында қызмет істеп жүргенін атап өтті.
«Бүгінде Парламентте 29 әйел жұмыс істейді. Бұл депутаттардың жалпы санының 20 пайызын құрайды. Әйелдер мемлекеттік биліктің ең жоғары басшылық қызметтеріне де ұсынылған, – деді министр.
Сондай-ақ, Аида Балаева мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 50 пайыздан астам деңгейге артқанын алға тартты. ҚР Парламентінде 148 депутат бар, оның 119-ы ер адамдар, тек 29-ы әйелдер (19,6%).
Үкіметтің 27 мүшесінің ішінде тек төрт әйел бар, бұл 17% – дан аз. Бұл лауазымдарда Тамара Дүйсенова – премьер-Министрдің орынбасары, Ақмарал Әлназарова – Денсаулық сақтау министрі, Аида Балаева – Мәдениет және ақпарат министрі, Светлана Жақыпова – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бар.