Астанадағы Президенттік саябақта ер адам қырғауылдарды сойып жатқан сәт куәгерлердің көз алдында болған. Бұл туралы оқиғаны өз көзімен көрген қала тұрғыны әлеуметтік желіде жазған, деп хабарлайды qandastar.kz.
Оның айтуынша, жағдай күндіз, балалар алаңының маңында орын алған. Бір күн бұрын сол жерде балаларымен бірге серуендеген тұрғын қырғауылдарды тірідей көріп, олардың ерекше құс екенін айтып жүргенін еске алды.
«Кеше ғана балаларыммен бірге саябақта серуендеп, қырғауылдарды көріп едік. Ал бүгін сол маңда бір ер адамның сол құстарды ашық жерде сойып жатқанын естіп, төбе шашым тік тұрды», — дейді астаналық әйел.
Ол мұндай әрекетті қоғамдық тәртіпке және адамгершілікке сай келмейтін іс деп бағалап, жауапты органдарды шара қабылдауға шақырды.
«Қалада бейнебақылау камералары көп, бірақ тәртіп сақталмайды. Осындай жағдайға көз жұма қарауға болмайды. Елді тек ластықтан емес, немқұрайлылықтан да қорғау қажет», — деп жазды тұрғын.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берілмеген. Қалалық полиция мен әкімдік тарапынан жауап күтілуде.



