Жаңалықтар

Балалардың қауіпсіздігі: TikTok өкілдігі Қазақстанда қалай жұмыс істейтіні белгілі болды

Қазақстан 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Вице-министрге Австралия тәжірибесі туралы сұрақ қойылды. Аталған ел жақында 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға ресми түрде тыйым салған болатын.

«Жоқ, қазіргі таңда мұндай мәселе біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ. Неге екенін түсіндірейін. Егер TikTok туралы айтатын болсақ, бұл платформада 16 жасқа дейінгі балаларды қосымшадан шектеуге арналған арнайы алгоритмдер бар. Сонымен қатар TikTok-тың Қазақстанда ресми өкілдігі бар. Сондықтан кәмелетке толмағандарды анықтау жағдайлары туындаса, олар тез әрекет етеді», – деді Евгений Кочетов.

Оның айтуынша, өзге онлайн-платформаларға қатысты да дәл осындай тыйым қарастырылып жатқан жоқ.

Еске салсақ, Австралия әлемде бірінші болып 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым салған мемлекет болып табылады. Бұл шешім елдегі көптеген ата-ананың қолдауына ие болған.

Ал 2024 жылдың мамырында Қазақстанда кәмелетке толмағандардың бірқатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тіркелуіне шектеу енгізу туралы жоспар қоғам талқысына шығарылған еді. Тиісті жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button