Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген жалғызбасты аналардың өмірі мен ішкі күші туралы ойымен бөлісті. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Депутаттың айтуынша, бұрын жалғызбасты аналарды аяушылықпен қабылдағанымен, бүгінде өзі сол қатарға қосылған соң бұл түсінігі түбегейлі өзгерген.
«Бұрын жалғызбасты аналарды аяушы едім. Қазір өзім сол қатарға қосылдым. Бірақ сезімім мүлде басқа. Түсінгенім – жалғызбасты аналар әлсіз емес. Олар — ешкімге айтпайтын, ешкімге көрсетпейтін нағыз күштің иесі», – деп жазды ол.
Нұрайым Шақимерген жеке өміріндегі бір сәтпен де бөлісті. Оның айтуынша, бала күтушісі ауырып қалғанымен, халықпен жоспарланған кездесу кейінге шегерілмеген.
«Балам өзге ешкімге көнбейді. Ал халықпен кездесу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан кей сәттерде баламмен бірге елге қызмет етуге тура келеді», – дейді депутат.
Бұған дейін мәжілісмен Темір Қырықбаев Нұрайым Шақимерген оның тоқалы деген әңгімеге нақты жауап бермеді. Ондай сұрақ жеке өміріне қатысты екенін айтты.
«Ол тоқал ма, әлде басқа біреу ме – бұл менің жеке өміріме қатысты сұрақ. Жеке өмірім болғандықтан, отбасылық құндылықтарды сақтау үшін бұдан артық ештеңе айтпаймын. Балаға келсек — ол менің ұлым. Оған өз тегімді бердім. Алланың алдында да, адамдардың алдында да жасырып отырған жоқпын», — деді депутат.



