Қазақстанда ата-аналарға балаларын есірткі заттарын қолдануға тексеруге мүмкіндік беретін жаңа бастама іске қосылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі iMedia.com.kz хабарлайды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тұрмыстық жағдайда қолдануға арналған арнайы экспресс-тесттер қолжетімді бола бастады. Аталған тесттер 48-ге дейін тыйым салынған зат түрін анықтай алады. Бұл тәсіл отбасыларға балалар арасындағы мәселелерді ерте кезеңде анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге жол ашады.
Мамандардың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты — жасөспірімдерді қорғау және олардың болашағын сақтап қалу.
«Біз бұл жерде бақылауды мемлекет емес, ата-ана жүргізуі керек деген қағидатты ұстанамыз. Ата-ана баласының есірткі қолданатынын неғұрлым ерте білсе, оны құтқарып қалу, тиісті ем жүргізу немесе психологиялық түзету шараларын қолдану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», — деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.



