Қырғызстанда әйел адам «балгердің» кеңесімен 43 мың АҚШ долларын зиратқа көміп, алаяқтың құрбаны болды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі info_aqtobe парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, ол мамыр мен қазан айлары аралығында бірнеше рет бір зираттағы қабірге барып, ақшасын көміп отырған. Өзін «емші» деп таныстырған әйел купюралар «сиқырлы түрде жоғалып», соның арқасында бизнесіне жол ашылады деп сендірген. Алайда үшінші реттен кейін алданып жүргенін түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген.
Күдікті Бішкек қаласында ұсталды. 25 жастағы әйел өзін емші әрі балгер ретінде таныстырып, адамдардан ақша бопсалағаны анықталды. Ол түрлі «жоралғыларды» — зиратпен байланысты рәсімдер, жіптер, инелер және басқа да жалған ритуалдарды сылтау еткен.
Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.



