Алматыда банк қызметкерлері бөтен біреудің атынан несие рәсімдегені анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі hronika__kz Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматылық Инна Тё — алаяқтықтан зардап шеккендердің бірі. 2007 жылы оның атынан «Alatau City Bank»-тен (бұрынғы АТФ) 57 мың доллар несие рәсімделіп, кепілге Іле ауданындағы жер учаскесі қойылған. Несие мерзімі 240 ай, жылдық пайызы 13,5% болған.
12 жылдан кейін, 2019 жылы банк «міндеттемелер дұрыс орындалмады» деп сотқа шағым түсірген. Алайда кейін анықталғандай, 2016 жылдан 2024 жылға дейін Тё Қазақстанда болмаған және сол аралықта банк оған ешқандай хабарлама жібермеген. Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті де растады.
Сот құжаттардағы қолдардың сараптамасын тағайындаған. Сараптама көрсеткендей, несие мен кепіл шарттарындағы қолдар Инна Тёның қолы емес, яғни келісімдер оның қатысуымен жасалмаған.
Сот келісімдерді жарамсыз деп танып, зардап шегушінің арызын толық қанағаттандырды. Осылайша, ол заңсыз салынған 57 мың доллар қарыздан құтылды. Бұл іс банк қызметкерлерінің адамның қатысуынсыз несие рәсімдеуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті.