
Фото: mazhilis_kz
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокуратураға Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты қылмыстық істі қайта қозғауды талап етті, деп жазды qandastar.kz
Бапидің айтуынша, оған Нұрбол Назарбаевтың рейдерлік әрекеттерінен зардап шеккен бірқатар азаматтар шағымданған. Депутат бұған дейін де Алматы облысы, Қарасай ауданындағы бұрынғы Каменское мал зауыты қызметкерлерінің атынан келіп түскен өтініш негізінде бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдағанын еске салды.
«Кеңшар жұмысшыларына тиесілі жекешелендірілген 9 мың гектардан астам жер үлесін Нұрбол Назарбаев иемденіп алғаны жөнінде сауал жолдағам. Бұл мәселе Бас прокурордың алдында да көтерілді, бірақ әлі күнге дейін әділетті шешім шықпады», – деді депутат.
Сонымен қатар, Қарағанды қаласының тұрғыны да Бапиге хабарласып, өз бизнесінен айырылғанын айтқан. Ол 2022 жылы «PORUS» ЖШС-дегі үлесін рейдерлік жолмен басып алынғанын мәлімдеп, прокуратураға шағым түсірген. Алайда екі жылдан соң іс «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен жабылып қалған.
«Бұрын дәл осы әрекеттердің Нұрбол Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалғанын ашық айта алмадым. Бірақ қазір жәбірленушінің өзі бұл фактіні растап отыр», – дейді Бапи.
Ол Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында істі қайта қарап, әділ тергеу жүргізуді талап етті. Сонымен қатар, ол бұл мәселеге тек жеке шағым ретінде емес, қоғамның талабына айналған әділет ізденісі ретінде қарауды сұрады.
«Нұрбол Назарбаев сияқты ықпалды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарға әділдік орнату – прокуратураның міндеті. Бас прокурор мырза, бұл мәселеде тек мен емес, халықтың өзі сізден нақты әрекет күтеді», – деді депутат.
Еске салсақ, бұған дейін де Нұрбол Назарбаевтың атына қатысты бірнеше шағым түсіп, депутат Ринат Зайытов та Бас прокурорға оның мүлкін тексеруді талап еткен болатын.