Жаңалықтар

Бапидың базынасы: Ержан Бабақұмаровтың өлімі төңірегінде сұрақ көп

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанада қаза тапқан бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты пікір білдіріп, қоғамда ашық айтылмай жүрген мәселелерді қозғады, деп хабарлайды qandastar.kz.

Халық қалаулысының айтуынша, марқұм өз өмірін мемлекеттік қызметке арнаған, ел ісіне адал азамат болған.

«Ержан мемлекетшіл тұлға еді. 2022 жылдың қаңтарында өзге басшылар секілді Алматыны тастап кетпей, орнында қалды. Халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоя білетін», – деді Ермұрат Бапи.

Депутат сондай-ақ Бабақұмаровтың Қаңтар оқиғасынан кейін «Қаңтардың ақиқаты» атты деректі фильмнің түсірілуіне бастамашы болғанын айтты. Алайда сол туындының кейінгі тағдыры беймәлім күйінде қалған.

Бапи марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімінің тым қарапайым өткеніне де таңданысын білдірді.

«Мемлекетке отыз жыл қызмет еткен адамды ақтық сапарға шығарып салуға неге ресми комиссия құрылмады? Неліктен жоғары лауазымды тұлғалар ресми көңіл білдірмеді? Бұл сұрақтардың жауабы табылмады. Ержан, бәлкім, ескі жүйенің құрбаны болған шығар», – деді ол.

56 жастағы Ержан Бабақұмаров таныстарымен болған отырыс кезінде жанжал туып, төбелес салдарынан жарақат алып, сол жерде көз жұмған. Полиция күдіктіні ұстағанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Бабақұмаров еңбек жолын 1990-жылдары Алматы әкімдігінен бастаған. Кейін Президент әкімшілігінде, Мәдениет министрлігінде және Үкімет аппаратында түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2022 жылға дейін Алматы әкімінің орынбасары, соңғы уақытта Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жетекшісі болған.

Биыл көктемде ол қоғамдық өмірге қайта оралып, сарапшы ретінде сұхбаттар бере бастаған еді.
Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button