Шығыс Қазақстан облысында дзюдо жарысы жаппай төбелеспен аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 26 қазан күні Өскемендегі “Жекпе-жек” спорт кешенінде болған. Куәгерлердің айтуынша, сайыс кезінде туындаған жанжалға жаттықтырушылар, жас спортшылар және олардың ата-аналары араласқан. Бір сәтте турнир орны тәртіпсіздікке айналып, залда жаппай төбелес басталған.
Белгілі болғандай, бір бапкер ауыр жарақат алып, оның жақ сүйегі сынған.
ШҚО полиция департаменті бұл жағдайды растады.
«Жаппай төбелеске қатысқан тұлғалар анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — делінген ресми мәлімдемеде.
Сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да оқиғаға байланысты пікір білдіріп, істің қазіргі уақытта полицияның қарауында екенін атап өтті.



