Жаңалықтар
Бапкерін құшақтап, өкіріп жылаған дзюдошы жапон қызға қатысты тың ақпарат белгілі болды
Сурет: видеодан алынды
Әлеуметтік желіде бапкерін құшақтап, өкіріп қатты жылаған спортшы жапон қыздың видеосы қызу талқыланып жатыр. Пікір қалдырушылардың бірі оның жақын адамы дүниеден қайтқанын жазған. Алайда бұл мәлімет расталмады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Видеодағы спортшы қыз – дзюдодан әлемнің төрт дүркін чемпионы, жапониялық спортшы Ута Абэ. Оның есімі аңызға айналып үлгерген. Ол ешбір қарсыласқа жол бермейтін №1 дзюдошы ретінде танымал. Міне, осындай мықты осы Олимпиадада өзбек балуаны Диёра Келдиёровадан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Сол кезде ол қатты жылап, өкініштен өзегі өртеніп, өкіріп, бапкерін құшақтап тұрып алады. Оны аренадан сүйреп алып кетуге тура келеді.
Негізі, 2020 жылғы Токиода өткен Олимпиада ойындарында Ута ағасы екеуі бірдей алтын медаль иеленген еді. Олар Парижде осы көрсеткішті қайталауды мақсат етіп келген екен.
Көп ұзамай Ута Абэнің туған ағасы Хифуми Абэ дзюдодан Париж Олимпиадасының алтын медалын еншіледі. Естеріңізде болса, осы салмақта қазақ балуаны Ғұсман Қырғызбаев қола медаль алған болатын. Кейін журналистерге берген сұқбатында алтын медаль иегері Хифуми Абэ:
«Қарындасым жеңіліп қалып, қатты жылады. Оны көріп қатты қиналдым. Сол үшін де барымды салып, екі дүркін Олимпиада чемпионы боламын деп шештім. Чемпион болып, оны жұбатқым келді. Сондай мақсатта татамиге шықтым».