Жаңалықтар

«Бәрі есеп үшін»: Астанада сот ғимаратында мүгедек әйел пандустан құлап, жарақат алды

Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта 1-топ мүгедегі әйел жарақат алды. Ол арбасымен көтергіш арқылы ғимаратқа көтерілу кезінде құрылғы тросының үзіліп кетуі салдарынан жерге құлаған, деп хабарлады qandastar.kz.

Журналист Айнұр Балакешова әлеуметтік желіде оқиға видеосын жариялап, сот ғимараттарындағы қолжетімді орта мәселесін сынға алды. «Мүгедектерге арналған пандустар мен көтергіштер – тек есеп үшін орнатылған, бәрі формальді», – деді ол.

Зардап шеккен әйел – Зилейха Сафарова. Ол бұрын «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істеп жүріп жарақат алып, сот арқылы өтемақы өндіруге тырысып жүрген. Оқиға дәл сол істің отырысына келген сәтінде болған.

Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Сафарова шамамен 70–80 см биіктіктен құлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем мен «Капитал Лифт» қызмет көрсету компаниясының өкілдері келген. Алдын ала мәлімет бойынша, себеп – тростың үзілуі.

Қазір оқиға бойынша Есіл ауданының тергеушілері тексеріс жүргізіп жатыр. Сот өкілдері жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.

Back to top button