Жаңалықтар
Бас мүфтидің сапарына байланысты Түркістан облысындағы имамдардан ақша жиналғаны туралы ақпарат тарады
Фото: ҚМДБ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бас мүфтидің сапарына байланысты Түркістан облысындағы имамдардан ақша жиналғанын жоққа шығарады. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде бопсалау туралы ақпарат пайда болғаннан кейін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Комиссия мүшелері Түркістанға барып, тағылған айыптар бойынша тексеру жүргізді.
«Түркістан облысында бас мүфтидің келуімен байланысты имамдардан ақша жинау фактілері тіркелмеген. Kaspi Gold арқылы аударылған ақша қаражаттары демеушілер тарапынан берілген және олар қайырымдылық шараларына, ифтар ұйымдастыруға, Құран оқу бойынша республикалық байқауды өткізуге, конференцияларды ұйымдастыруға, баспасөз басылымдарына жазылымға және басқа да бастамаларға бағытталған. Аттестациялық комиссия мүшелеріне ақша жинау және гонорар төлеу фактілері анықталған жоқ», – делінген мәлімдемеде.
Бас мүфтидің сапарымен байланысты шығындар толықтай басқарма есебінен төленген. Облыстық мешіттің кірістері мен шығыстары мұқият тексеріліп, заң бұзушылықтар мен қаржы қаражаттарының мақсатсыз пайдаланылуы анықталмағаны айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповке қатысты дауға байланысты әлеуметтік желілерде бас имамның аудан мен қала мешіттерінің имамдарынан мәжбүрлі түрде ақша жинағаны туралы ақпарат тарады. Желіде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістанға сапары үшін қаражат жинау туралы мәліметтер мен түбіртектер жарияланды. Алайда Төлепов бұл ақпаратты жоққа шығарып, имамдар газет-журналдарға жазылу үшін ақшаны өзіне аударғанын айтты. Ол жағдайға түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін және автордың әрекетіне моральдық жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді.