
Фото: ТАСС
Ресейлік танымал кәсіпкер, олигарх Шалва Чигиринский бұрынғы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияның оңтүстігіндегі сән-салтанатты виллаға қызығушылық танытқанын мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы ол журналист Юрий Дудьке берген сұхбатында айтты.
Чигиринскийдің айтуынша, Ресейде бизнесінен айырылғаннан кейін, ол өзінің жоғары классты жылжымайтын мүлкін сатуға мәжбүр болған. Нәтижесінде зәулім вилла 70 миллион долларға «Газпромнефтьке» сатылған. Алайда оған дейін бұл нысан үшін әлдеқайда жоғары баға — жарты миллиард долларға дейін ұсынылған.
«Бір күні маған Назарбаевтың өкілдері келді. Олар оған Францияның оңтүстігінен жазғы резиденция қажет екенін айтты. Міндетті түрде тікұшақ қона алатын алаң, екі бассейн, бірнеше жатын бөлме болуға тиіс екен. Ондай талаптарға сай келетін нысан сирек. Ал менің виллам – Монакоға жақын орналасқан, іші-сырты бассейнмен жабдықталған, жеке қонақ үйі бар. Тіпті бомбаға қарсы қойма болған, кейін оны шарап жертөлесіне айналдырдым», – деді Чигиринский.