Атырау мен Маңғыстау өңірлеріндегі «Қазақтелеком» қызметкерлері компаниядағы еңбекақы мен сыйақы жүйесіне байланысты өз наразылығын білдірді. Олардың айтуынша, жоғары басшылық айтарлықтай көлемде, миллион теңгемен есептелетін сыйақы алса, қатардағы жұмысшыларға бар болғаны 20 мың теңге көлемінде төлем берілген, деп хабарлайды qandastar.kz сайты ORDA порталына сілтеме жасап.
Қызметкерлер қазіргі экономикалық жағдайда, әсіресе коммуналдық қызметтер мен азық-түлік бағасының қымбаттауы кезінде, мұндай жалақының күнкөріске жетпейтінін айтады. Сондай-ақ олар инфляция деңгейіне сай келмейтін жалақы индексациясы мәселесін көтерді.
Жұмысшылар өз талаптарын естірту мақсатында бейнеүндеу жазып, бұл жағдай жөнінде компания басшысы Бағдат Мусиннің хабардар болуын сұрады. Олардың басты талабы — қарапайым қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу.



