Жаңалықтар
«Басынан тепкен»: Қызылордада жасөспірім 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: ашық дереккөз
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелеттік жасқа толмаған балаға ауыр дене жарақатын салған жасөспірімге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қызылорда облыстық сотының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігінің 7), 11)-тармақтары бойынша (Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қылмыстық іс қаралған.
Сотталушы 2023 жылғы 3 сәуірде кешкілік уақытта көше бойында кәмелетке толмаған жәбірленушінің балалармен алысып жатқанын көріп, бұзақылық ниетпен кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында соңғының басынан күштеп өзінің оң аяғымен 4-5 мәрте теуіп, ауыр дене жарақатын салған, – делінген сот хабарламасында.
Жасөспірім сотта берген жауабында тағылған айыпты толық мойындап, жасаған әрекетіне шын ниетпен өкінетінін айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сот талқылауында кәмелетке толмаған жәбірленуші мен оның заңды өкілі сотталушыға кешірім беретінін айтып, бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұраған.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігінің 7), 11)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етілді, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, сотталушыға жаза шартты деп саналып, оған 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, бірқатар міндет жүктелді, – дейді сот өкілдері.