Жаңалықтар

«Басында пранк деп ойладым»: Шымкентте ломбардты тонамақ болған адамды тоқтатқан студент боксшы болып шықты

Фото: Видеодан скрин

Шымкенттік 18 жастағы студент ломбардты тапаншамен тонамақ болған адамды тоқтатып, полицияға ұстап берген еді. Қазіргі уақытта студент желі жұлдызына айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шабуылдаушы ломбардқа клиент ретінде кіріп, сосын қызметкерге тапанша бағыттаған. Аталған оқиғаға күтпеген жерден боксшы Ұлықбек Ахмедов араласқан. Дене шынықтыру және спорт факультетінің бірінші курс студенті тонаушыны тоқтатып, полицияға ұстап берген.

Оқиға тапа-тал түсте болған. Қарақшы қарапайым тұтынушының атын жамылып, ломбардқа кіріп кеткен. Алайда әп сәтте тапаншасын суырып алып, қызметкерге қарай бағыттаған. Жағдай күтпеген жерден өзгергеніне таңданған қыз, не істерін білмей абдырап қалған. Сол сәтте ломбардта тұрған екінші келуші күдіктіні залалсыздандырған. Қарақшыны ұстаған батыр 18 жастағы Ұлықбек Ахмедов болып шықты.

“Бұл жағдайды мүлде байыппен қабылдаған жоқпын. Себебі пранк деп ойладым. Басында күліп тұрдым. “Мұны шынымен жасайын деп тұрсыз ба” деп сұрадым. Ол дөрекі түрде “иә” деп жауап берді. Сосын барып, байыпты тірлік екенін түсіндім. Ол кассадағы қызға қарап, тапаншаны бағыттаған кезде, сол қолынан ұрып, орнына қойдым”, – деді шымкенттің Ұлықбек Ахмедов.

Ұлықбек бокспен 4 жылдан бері айналысады. Қазір ол университеттің бірінші курс студенті, болашақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Сол күні оқу ақысын төлеу үшін телефонын кепілге қою үшін ломбардқа келген екен.

“ Ұлықбек өз күшін дұрыс кезде ғана пайдаланады. Көшеде біреуді қорқыту әрекеті бұрын-соңды болмаған. Керісінше, әлсіздерге көмектесіп, соғысып жатқандарды ажыратады”, – дейді шымкенттік Жансұлтан Тілесов.

18 жастағы студентті шымкенттік полицейлер арнайы марапаттады. Ерлігі үшін оған сертификат табыс етіліп, ломбард иелері алғыс ретінде жаңа смартфон сыйлады.

“Қазіргі уақытта тұрғындар полицияға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде ғана емес, қылмыскерлерді іздестіруде де көмектесетін жағдайлар жиі кездеседі. Қайсар жігітке батыл әрекеті үшін алғыс айтамыз. Дегенмен, мұндай жағдайларда өз денсаулығыңызға зиян тиюі мүмкін екенін ұмытпаңыз”, – деді Шымкент қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Бағлан Исатаева.

Ломбардты тонамақ болған күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Ал жас жігіттің әрекетіне желі қолданушылары тамсанып, жылы лебіздерін білдірді. Олардың пайымдауынша, ерлік үшін тек күш ғана емес, батылдық пен азаматтық жауапкершілік қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Рысқұлов көшесінде орналасқан ломбардтардың біріне медициналық бетперде киген белгісіз адам кіріп, ломбард қызметкерлеріне қолындағы тапаншаға ұқсас затпен қорқытқан еді. Ол касса қызметкерінен 100 мың теңге талап еткен. Сол сәтте күдіктіні ұстауға 18 жастағы студент көмектескен.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close