Журналист Жанар Байсеміздің YouTube-подкастында қонақ болған актриса әрі тележүргізуші Мөлдір Мұқанова бұрынғы жұбайы, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың денсаулығына қатысты бұрын беймәлім болған жайттарды айтты, деп хабарлайды qandastar.kz
Мөлдірдің айтуынша, Қабатовтың не себепті отаға түскені жайлы нақты мәлімет болмаған.
«Неліктен ота жасалғанын білмеймін. “Біреу ұрды ма екен?” деп те ойладым. Бірақ өзі “құлап қалдым” деп түсіндірді», – деді ол.
Актрисаның сөзінше, ота өте ауыр және күрделі өткен:
«Адамның басы 100 пайыз болса, соның төрттен бір бөлігін алып тастапты. Бас сүйегін қайта орнына салу мүмкін болмағандықтан, орнына пластик қойған. Үйге келген соң ұзақ ем қабылдады. Ер адам болған соң, басына іс түссе, ең алдымен әйелін іздейді ғой. “Тұрсынбек, сен неге сондайсың?” деп күлдім. Өнер адамдары да ауырады, оған ешкім кепіл емес. Танымал болған соң, ел де, біз де қатты уайымдадық», – деді Мұқанова.
Өз кезегінде Тұрсынбек Қабатов бұған дейін операция себебін бастағы қан ұйығымен (тромбпен) байланыстырған еді.
«Жақында басыма операция жасалды. Тромб болып, басымның бір бөлігін алып тастауға тура келді. Қазір алдарыңызда жарты бас болып тұрмын. Егер көп сөйлеп кетсем, түсінерсіздер», – деп әзілдеген болатын шоумен.



