Жаңалықтар
«Батыл бол»: Деректі фильм қазақ тілін үйреніп, кедергілерді жеңуге болатынын көрсетеді

Фото: ашық дереккөз
Қазіргі таңда Ұлттық кино орталығының қолдауымен «Батыл бол» деректі фильмінің өндірісі жүріп жатыр. Туынды маңызды тақырыпты – қазақ тілін меңгеру мәселесін көтереді. «Батыл бол» фильмі – режиссер Татьяна Шишкинаның дебюттік жұмысы және ол мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылған адамдардың тәжірибесімен таныстыруды мақсат етеді, деп жазды qandastar.kz
Фильмнің тарихы автордың жүріп өткен жолымен тікелей байланысты. Ол қазақ тілін үйрену мақсатында Алматыда ашылған «Батыл бол» қазақ тілін үйрету клубына жүгінген. 2022 жылы клуб ашылған күні-ақ оған 300-ден астам адам өтініш қалдырған. «Батыл бол» клубы олардың барлығының тілдік барьерді еңсеруіне ақысыз септескен. Бұдан соң клубтың өзге қалаларда да филиалы ашылып, Қазақстанда танымалдығы артқан. Үйірменің негізін қалаушы – Алексей Скалозубов. Ол жастайынан қазақ тілін меңгеріп, күнделікті өмірде қолдануды армандаған. Алматыға арман арқалап, үйірме ашып, оның ісін ілгерілеткен. Бүгінде үйірмеге тіл үйренуге ынта танытқан әрбір адам қатыса алады. Оның ішінде әртүрлі этникалық топ өкілдері бар. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жіті зерделеуге ниетті. Фильмді түсіруге қозғау салған да осы дүние.
Туынды авторы тек бұл фактілермен ғана шектелмей, еліміздегі тіл үйрену мәселесін терең талдауға тырысқан. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді игерудегі ішкі кедергілері мен қорқынышы қатар қозғалған. Деректі фильмнің түсірілімі Алматыдан бөлек, Астана, Ақтау, Орал және Атырау қалаларында да жүргізілді. Мұнда автор қазақ тілін үйренуге және өздерінің комплекстерін жеңуге талпынған адамдардың пікірі мен сезімін өзгеше жинақтайды.
Айта кетейік, деректі фильм – өткен жылы питчингтен суырылып шыққан жобаның бірі.