Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қор композитор Еркеш Шакеевпен болған сот ісі бойынша апелляцияда жеңіске жетті, деп хабарлайды qandastar.kz.
Бұл іс «91–23. Тәуелсіз Қазақстанның поп-музыкасы туралы» кітабына байланысты қозғалған болатын. Кітапты қор «Меломан Home Video» компаниясымен бірлесіп шығарған.
Биыл көктемде Еркеш Шакеев қор мен компанияға қарсы жеке мүліктік емес құқықтардың бұзылуы бойынша сотқа жүгінген. Ол кітапты контрафакт деп танып, моральдық шығын ретінде 27 миллион теңге, ал авторлық құқықты бұзғаны үшін 111,9 миллион теңге өндіріп беруді сұраған.
Сот отырысы Шакеевтің өтініші бойынша жабық форматта өтті.
Алайда сот шешімінде: «Кітапта Еркеш Шакеевтің музыкалық немесе мәтіндік туындылары тікелей пайдаланылғаны дәлелденбеді. Туынды атауларының автор есімінсіз берілуі оның құқықтарын бұзбайды», – деп көрсетілген.
Осылайша, апелляциялық алқа Шүкенов қорының іс-әрекетін заңды деп танып, алғашқы сот шешімін күшінде қалдырды.



