Батыс Қазақстанда полицияның заңды талабына бағынбаған бір топ азамат ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Ақсай қаласында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамай, агрессивті мінез-құлық танытқан бір топ азаматтың видеосы тарады.
Оқиға 29 наурыз күні шамамен сағат 05:00-де болған.
Облыстық полиция мәліметінше, тәртіп сақшылары мас күйдегі ер адамды анықтаған.
Тексеру барысында оның таныстары өзін өрескел ұстап, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтіріп, талаптарын елемеген.
Мас күйдегі құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Агрессия танытып, қарсылық көрсеткен өзге азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық тұлға анықталып, ұсталды.
«Назар аударыңыздар: полиция қызметкерлеріне қысым көрсету, арандату және заңды талаптарды әдейі орындамау әрекеттері қатаң әрі принципті түрде тоқтатылады», — дейді департаменттегілер.



