
Оралдағы жатақханада шыққан өрт адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
15 наурыз күні Орал қаласындағы Чурин көшесінде орналасқан жатақханада өрт шыққан.
Оқиға кезінде ғимаратта болған тұрғындар өз бетінше сыртқа шығып үлгерген.
Жалпы саны 40 адам, оның ішінде 5 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіру барысында 1969 жылы туған ер адамның мәйіті табылған. Алдын ала дерек бойынша, ол улы газдан уланған.
Құтқарушылардың айтуынша, өрттің шығуына төсекте темекі шегу себеп болуы мүмкін.
Тілсіз жауды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.



