Қазақстандық продюсер әрі актриса Баян Алагөзова қазақстандықтарға жаңа алаяқтық түрі туралы ескерту жасады, деп жазады qandastar.kz.
Ол Instagram-сторисінде қылмыскерлер өз атынан жасанды дауыс қолданған видеоны көрсетті. Роликте актрисаның «Еңбек министрлігі қолдайтын «Светлый путь» бағдарламасы аясындағы жаңа жобаға қатысып жатқаны» туралы жалған ақпарат тарайды.
Онда «қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған жоба» деп сипатталған.
Алагөзова бұл ақпараттың мүлде шындыққа жанаспайтынын атап өтті:
«Достар, егер сіздер алаяқтарға сеніп қалсаңыздар — онда алданып қалдыңыздар. «Светлый путь» бағдарламасының маған еш қатысы жоқ. Видеодағы дауыс — менікі емес», — деді ол.




