Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Батыс Қазақстан облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның «тоқал институтын» заңдастыру туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz
Продюсер депутаттың бастамасымен келіспейтінін ашық айтып, оған жауап ретінде елде көпкүйеулілікті заңдастыруды ұсынды.
«Жауап ретінде мен көпкүйеулілікті заңдастыруды ұсынамын. Неге жоқ? Ерлерге болады да, әйелдерге болмай ма? Біздің ел – зайырлы мемлекет, заң бойынша ер мен әйел тең құқылы. Ал билік өкілдері шариғат заңымен өмір сүруді ұсынса, оны қалай түсінуге болады?» – деді Баян Алагөзова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Абзал Құспан еліміздегі көптеген ауқатты ер адамдардың, соның ішінде шенеуніктердің де «тоқалмен» бірге тұратынын айтқан болатын. Ол бұл құбылысты бұрынғы «әмеңгерлік» дәстүрімен байланыстырды, бірақ қазіргі уақытта оның «байлардың ермегіне» айналғанын атап өтті.
Депутат бұл мәселені қоғам талқысына шығарып, заңгерлерге оның құқықтық тетіктерін қарастыруды ұсынған еді.



