Жаңалықтар

Бектенов ашулы: Үкімет басшысы Түркістандағы  өрттен кейін әкімдерді сынады

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында орын алған өрт салдарынан он екі адам, оның ішінде тоғыз бала қаза тапқан оқиғадан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер мен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды qandastar.kz

Үкімет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек, соның ішінде медициналық және материалдық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен өрттің себептерін анықтау үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Бектенов жылу беру маусымының басталуынан бері тұрғын үйлерде өрт оқиғаларының көбейгеніне назар аударды. Ол Үкімет отырысында бұл мәселенің бұрын қаралғанын, алайда жағдайдың әлі де оңалмағанын  айтты.

Премьер-министр төтенше жағдайларды болдырмау және адамдардың өмірін сақтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті органдардың әрекетін үйлестіруді, сондай-ақ өңір әкімдіктері мен Ішкі істер министрлігімен бірге тұрғын үйлерді, хостелдер мен жатақханаларды, әлеуметтік осал топтардың үйлерін тексеруді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше таңғы сағат 05:36-да Алғабас ауылындағы екі қабатты тұрғын үй өртеніп, оқиға салдарынан 12 адам қаза тапқан, оның ішінде тоғыз бала бар.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button