Әлеумет және қоғам

Бектенов азық-түліктің бағасын орынсыз өсірмеуге шақырды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қолжетімді бағада ұсыну үшін жаңа шаралар қолға алынуда. Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларға қарсы пәрменді қадамдар жасауды тапсырды, деп хабарлайды qandastar.kz

«Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік қоры қалыптастырылуы тиіс. Өңір әкімдіктері қыркүйек айының соңына дейін көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін жеткізуге қажетті келісімшарттарды қамтамасыз етсін», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ премьер-министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта сауда министрлігі өңірлермен бірлесіп барлық қолда бар тетіктерді іске қосып, қатаң бақылауды қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тауарларды тиімді бағамен сатуға арналған «Bereke Fest» акциясы өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, биылғы жиналған егін тікелей тұтынушыларға жеңілдетілген бағамен жеткізілмек.

Министрдің айтуынша, сауда саласында 1,5 миллионға жуық адам еңбек етеді. Биыл делдалдарға қатысты 45 әкімшілік іс қозғалып, үстеме баға 15 пайыздан асқан жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді. Жалпы көлемі 350 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button