
Үкімет басшысы Олжас Бектенов министрлер мен өңір әкімдеріне шетелдік инвестиция тарту ісінде белсенділіктің төмен екенін қатты сынға алды. Премьер-министрдің айтуынша, биылғы көрсеткіштер жоспардан едәуір артта қалып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты жолдауында инвестиция тарту саясатына ерекше назар аударып, 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар көлемінде шетелдік капитал тартуды міндеттеген еді.
Осы тапсырманың орындалу барысы Үкімет үйінде өткен жиында қаралды. Отырысқа Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімдері және Бас прокуратура өкілі қатысты.
Министрліктің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция 13,8 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артық. Қаражаттың басым бөлігі энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларына бағытталған.
Өңірлер арасында Астана, Түркістан және Қарағанды облыстары жақсы нәтиже көрсетсе, Атырау, Ұлытау және Абай облыстары керісінше, артта қалған.
Премьер-министр осы үш өңірдің әкімдерін жеке атап, қатал ескерту жасады.
«Атырау облысында негізгі капиталға инвестиция тарту жоспары небәрі 42,8 пайыз, Ұлытауда — 61,5 пайыз ғана орындалған. Бұл өңірлер ірі компанияларға тым тәуелді, орта бизнеспен жұмыс жолға қойылмаған. Абай облысында да жағдай мәз емес — негізгі капиталға инвестиция 70,4 пайыз, ал шетелдік инвестиция небәрі 26,2 пайыз ғана орындалған. Құрал-жабдықтың кешігуі мыс балқыту және күнбағыс майын өндіретін зауыттардың құрылысын тежеп отыр. Мұндай олқылықтарға жол беруге болмайды», — деді Бектенов.



