Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығында болып, Президент тапсырған медицинадағы озық технологияларды дамыту жөніндегі міндеттердің орындалу барысымен танысты. Негізгі назар – саланың қаржыландырылуының артуы және азаматтарға жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту, деп хабарлайды QANDASTAR сайты.
Мемлекет жыл сайын онкологиялық көмек көрсетуге 170 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Соңғы үш жылда бұл бағыттағы бюджет 6 есеге ұлғайған. Қаржыландырудың артуы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, заманауи жабдықтар сатып алуға және жоғары дәлдіктегі ем түрлерін дамытуға мүмкіндік берді.
Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусындағы жарақтандыру деңгейін тексерді. Мұнда пациенттерге протондық терапиядан бастап ағза және сүйек кемігін трансплантациялауға дейінгі жоғары технологиялық ем түрлері көрсетіледі. Орталықта жыл сайын 12 мыңға жуық зерттеу, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін трансплантация жасалады.
Сонымен қатар Премьер-министрге орталыққа «АЭХА-ның зәкірлік орталығы» мәртебесін беру жөніндегі жұмыс барысы таныстырылды. Бұл мәртебе берілсе, ҰҒОО Орталық Азия бойынша радиациялық онкология мен ядролық медицинадағы озық тәжірибені тарататын өңірлік хабқа айналмақ.
Елде радиофармпрепараттарды толық циклмен өндіру ісі де дамып келеді. Қазіргі таңда 18F-FDG препаратының өндірісі жолға қойылған, ал жақын уақытта тағы 13 түрлі препарат шығару жоспарланып отыр. Өндірістің жергілікті болуы жылына 12 мыңға дейін ПЭТ зерттеуін жүргізуге мүмкіндік береді.
Йод-131 негізіндегі терапия да кеңейіп жатыр: биылдың алғашқы бес айында 80 пациент емделген, ал бөлімшенің жылдық қуаттылығы – 300-ден астам адам.
Денсаулық сақтау министрлігі радиофармпрепараттармен емделуді қолжетімді ету үшін Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында алты өңірлік орталықтан тұратын желі құруда.
Мемлекет онкологиялық көмекті нығайтуға және азаматтарға заманауи, тиімді ем алуға барлық жағдай жасауға басымдық беріп отыр.



