
Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында еліміздегі әлеуметтік қолдау шаралары туралы пікір білдірді, деп жазады qandastar.kz
Үкіметтің ресми Telegram-арнасының хабарлауынша, сенаттағы отырыс барысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов бюджет шығындарын оңтайландыру мәселесін көтерген. Осыған орай, Премьер-министр алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде базалық шығындар 15%-дан 12%-ға дейін қысқартылғанын атап өтті. Дегенмен, әлеуметтік сала бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.
Үкімет басшысының айтуынша, әлеуметтік төлемдер мен түрлі қолдау шаралары мемлекеттік бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 60%-ын құрайды.
«Республикалық бюджетте бұл шығындар ұзақ уақыт бойы 40%-дан асып келді. Ал үш жылдық бюджет қалыптастыру барысында бұл көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, бірақ әлеует әлі де зор. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды жұмыс істеуге әртүрлі объективті себептермен мүмкіндігі жоқ және өзін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтар ғана алады. Жұмыс істей алатын адам – жұмыс істеуі керек. Мемлекет оны асырамауы тиіс және асырамайды», – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтарға арналған түрлі жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Алайда, кейде бұл төлемдерді оған еш құқығы жоқ азаматтар да пайдаланып келуде.



