Жаңалықтар

Бектенов: Шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығынын өтеу қажет

Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Су кеңесінің отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің 7 ақпанда өткен су қолжетімділігі мен сапасы мәселелерін шешу үшін су ресурстарын басқару жүйесін трансформациялау жөніндегі кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп жазады qandastar.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің негізгі жұмыс бағыттары бойынша баяндамасы тыңдалды. Олардың қатарында гидротехникалық құрылыстарды салу және жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, суды нормативтен артық тұтынуға байланысты тарифтік саясат, су тасқынын болжау және моделдеу, сондай-ақ заңнамалық базаны жетілдіру, кадрмен қамтамасыз ету және мамандар біліктілігін арттыру мәселелері бар.

Еліміздің су ресурстары әлеуетін дамыту және басқару жүйесін жаңғырту мақсатында Су кодексінің жобасы әзірленді, құжат Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Еліміздегі су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға, суды үнемдейтін заманауи технологияларды енгізуге және су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге баса назар аударылды.

Қазақстан Республикасы су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымға жуық суару арналарын салу және реконструкциялау көзделген. Бірінші кезеңде 2025 жылдан бастап 11 жобаны салу және реконструкциялау, алты облыстағы 3452 шақырым ирригациялық арналарды жаңғырту және Астана қаласын толықтыру үшін құрылыс салу көзделген.

Шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру мақсатында Инвестициялық субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Осылайша, су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Инфрақұрылымды жүргізу кезінде шаруалардың ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру көзделген.

Су саласы үшін кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта биыл шілде айында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. 2024-2025 оқу жылында су мамандығы бойынша 523 бакалавриат студент қабылданды, бұл өткен оқу жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. 80-нен астам студент – болашақ маман «Қазсушар» РМК өңірлік филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті. «Болашақ» бағдарламасына су шаруашылығы саласындағы мамандықтар енгізілген. Сондай-ақ қазақстандық мамандар біліктілігін арттыру курстарынан өтуде. Мысалы, Нидерланд Корольдігімен бірлесіп «Қазсушар» РМК-ның 450 қызметкеріне арналған курстар басталды.

Биылғы сәуір айында жерасты суларының мониторингі мен басқаруын жақсарту үшін «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеология қызметі» құрылды. Су тасқынын болжау және моделдеу мақсатында Президенттің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланған flood.gharysh.kz ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.

Еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесін трансформациялау шеңберінде биыл «Қазсушар» РМК-ны «Нұра топтық су құбыры» РМК-мен біріктіру арқылы қайта ұйымдастыру жүргізілді. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында бейінді емес және шығыны мол қызмет түрлерін оңтайландыру басталды. Бүгінгі таңда қолда бар 1440 техниканың жартысынан көбі жаңартуды қажет етеді. Осыған байланысты Үкімет биылғы маусым айында 757 бірлік техника сатып алу үшін 51,7 млрд теңге бөлді.

Келесі вегетациялық кезеңге дайындық мақсатында су қоймаларын толтыратын күзгі-қысқы маусымның маңызы зор екені атап өтілді.

«Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану және болашақ ұрпақ үшін ауыз суды үнемдеу жөнінде міндеттер қойды. Көктемгі су тасқыны бүкіл су шаруашылығы саласын жаңғырту қажеттігін көрсетті. Біз қазірдің өзінде су шаруашылығы нысандарын ауқымды жаңғырту жұмыстарын бастадық. Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы су ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығынын өтеуге баса назар аудару қажет. Бірінші кезектегі міндет – келесі вегетациялық кезеңге дайындық. Барлық іс-шаралар уақтылы жүргізілуі тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үйлестіру ісін жақсарту мақсатында жыл соңына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне диқандарға су беру қызметтерінің құнын субсидиялау және су үнемдеу технологияларына инвестиция салу кезінде шығындарды өтеу жөніндегі функцияларын беру тапсырылды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close