
Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселелерін талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов негізгі бірқатар міндетті атап өтті, деп жазады qandastar.kz сайты Ukimet телеграм арнасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар тетігі болып отыр. Биыл қазақстандық өндірушілермен кәсіпорындарға өз өндірістері мен дамуын сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік беретін осындай 879 келісім жасалды. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жасалған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттардың жалпы санын келесі жылдың соңына дейін кемінде 1 мыңға дейін жеткізу тапсырылды.
Қазақстанда заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдаланып отырған өңдеу кәсіпорындары 20%-ға да жетпейді. Ал, Германия мен Америка Құрама Штаттары сияқты дамыған елдерде проактивті мониторинг жүйелері жабдыққа қызмет көрсету шығындарын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және Жасанды интеллект министрліктеріне өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жабдықтарға предиктивті қызмет көрсету, сапаны автоматты бақылау және өндірісті оңтайландыру үшін жасанды интеллектіні енгізуге арналған жаңа жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Өңдеу өнеркәсібіне арналған ғылыми зерттеулер әлеуетін кеңейту қажет. Өнеркәсіп министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, өңдеу саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың кешенді шаралар пакетін әзірлеуі тиіс.
Жалпы бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.



