Қазақстанда құқық қорғау органдарының әрекет етуі үшін қоғамдық резонанс пен БАҚ-тағы шу қажет. Мұндай пікірді белгілі адвокат Ләззәт Ахатова өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы.
Адвокаттың айтуынша, егер қоғам назарын аудартатын деңгейде мәселе көтерілмесе, құқық қорғау органдары көп жағдайда үнсіз қалады.
«Менің түсінгенім – біздегі құқық қорғау органдары қозғалу үшін міндетті түрде БАҚ-ты шулату керек екен. Резонанс жасау керек, болмаса, арам өліп жатсаң да, былқ етпейді. Немесе тамыр-таныс салу керек. Әйтпесе кез келген адам ақшамен шешіп кете салады екен. Дәл мұндай деп ойламаған екем», – деп жазды ол.
Ләззәт Ахатованың пікірінше, елімізде құқық қорғау органдарынан әділдік іздеу үшін үлкен қажыр-қайрат, темірдей жүйке мен сабыр қажет.
«Халықтың жанайқайын түсініп жатқан адам жоқ сияқты. Кейде соған қатты қынжыласың. Реформаны полициядан бастау керек. “Заң мен тәртіп” жобасы – жай ғана формализм болып көрінеді», – деп қосты адвокат.
Адвокаттың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып жатыр.



