Әлеумет және қоғам
Белгілі ғалым несие алып, той жасайтындарды сынады

Фото: ашық дереккөз
Абайтанушы ғалым Омар Жәлел ертеректе тойды тек байлар жасағанын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz
Абайтанушының қазақтың тойы туралы айтқан ойы әлеуметтік желіде желдей есті. Ол өз сөзінде несие алып той істейтіндерді қатаң сынаған.
«Тойды бұрын кім жасаған? Кедей той жасамаған ғой. Байлар жасаған. Бай тойды маған біреу бірдеңе әкеледі деп жасамаған. Дүниесі артылып жатқаннан кейін өзінің дәулетімен бөлісу үшін істеген. Той тәңірдің қазынасы деген сөз, тәңірдің қазынасы байға келіп отыр. Бай сонымен бөлісіп жатыр мағынаны білдіреді. Ал, сен қай жеріңмен той жасайсың? Кредит алып жасайсың. Көрпеге қарай көсілу керек. Сен не бетіңмен той жасайсың? Қазір тұсаукесер, мектепке барған той, тоқымқағар, және бұдан да басқа неше түрлі тойлар көбейіп кетті. Сәрсенбі, бейсенбі, жұма той. Ал, сенбі мен жексенбі күндері онсыз да той. Сонда сен қашан жұмыс істейің? Экономиканы қалай дамытамыз? Өзіңнің жалақың 250 мың. Әр тойға 50 мыңнан апарсаң, кредитің бар. Ақылға сыймайтын нәрсе ғой», — дейді ол.
Желі қолданушыларының барлығы дерлік Омар Жәлелдің ойымен келісетіндерін айтқан.
«Шынында алған айлығымыздың тең жартысы несиеге, қалғаны той-томалаққа кетеді, қысқарту керек», «Заң жүзінде тойға тыйым салу керек», «Қазіргі кедейлер жыртылып той жасап, одан сайын кедейлене түсіп жатыр. Бұрынғының кедейлерінде ақыл болған екен», «Тойға несие алып банкты, тойбастар алып Қытайды байытып жатырмыз», «Үйлену той ғана жасалып, қалғандары үйде аталып өтетіндей заңмен бекіту керек», — деп жазды олар.