Жаңалықтар

Белгілі шенеуніктің өліміне қатысты сот ісі басталды

26 қаңтар күні Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдалым басталады. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алдын ала тыңдалым сағат 15:00-ге белгіленген. Ақпарат «Сот кабинеті» порталында жарияланған. Бұған дейін Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты істің тыңдалымы түрлі себептермен бірнеше рет кейінге шегерілген.

Мәліметтерге сенсек, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тергелген. Істі бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарған судья Айжан Күлбаева қарайды.

Ержан Бабақұмаров кім?

Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты.

1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Президент әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі болған. Мәдениет және ақпарат саласында жауапты хатшы және вице-министр қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, мемлекет басшысының кеңесшісі – президент әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі лауазымдарын атқарған. 2019 жылғы шілдеден 2022 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 30 қазанға қараған түні Ержан Бабақұмаров таныстарымен бірге кеш өткізген.

Жиналғандардың арасында жанжал туып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан алған дене жарақаттарынан Бабақұмаров көз жұмған. Журналист Михаил Козачков келтірген деректерге сәйкес, күдіктінің есімі – Ербол Каукетай, 36 жаста және ШҚО тумасы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button