Заңгер Айгүл Орынбек Facebook парақшасында өзіне қатысты тараған жалған ақпарат бойынша ресми пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Ол әр азаматтың абыройы құқықтық мемлекетте заңмен қорғалатынын атап өтті және өзіне қатысты өсек-аянға тек құқықтық жолмен жауап беретінін айтты.
«Құқықтық мемлекетте әр азаматтың абыройы мен беделі – заңмен қорғалады. Сондықтан мен туралы тараған жалған ақпараттың бәріне тек заңды жолмен – сот арқылы немесе құзырлы органдарға жүгіну арқылы жауап беремін. Бұл – менің құқығым әрі азаматтық ұстанымым», – деді ол.
Заңгердің айтуынша, дау бір қыз бен оның анасына қатысты қиын жағдайдан басталған. Ол бұл отбасына тегін құқықтық көмек көрсеткенін және бейнематериалды да тегін түсіргенін атап өтті.
«Иә, мен бұл іске тегін құқықтық көмек көрсеттім. Иә, бейнематериалды да тегін түсіріп бердім. Себебі мәселенің мәні ауыр – анасы ішімдікке салынып, қызына ие бола алмай отыр. Қыз үйінен қайта-қайта қашып кетеді», – деді Орынбек.
Оның айтуынша, бейнежазбаның монтажы аяқталғанша, қыз тағы да үйінен қашып кеткен. Полиция оны тауып, жасөспірім өзі ешқандай қысым болмағанын жазбаша түрде растаған.
Айгүл Орынбек өзін айыптауға тырысқан адамдарға жауап берді.
«Он бес жылға жуық уақыт бойы зорлық-зомбылықпен күресіп келіп отырған мен бір қыздың ісінде үнсіз қалады деп ойласаңыздар – қателесесіздер! Менің ар-намысыма тиіп, абыройымды аяқ асты ету үшін түрлі өсек таратып жүргендерге айтарым: Қолдарыңмен істегенді – мойындарыңмен көтеріңдер. Бұл мәселені құқықтық алаңда шешеміз», – деді.
Заңгер барлық әрекеті заң аясында екенін, ешкімнің алдында ақталуға міндетті емес екенін мәлімдеді.



