Заңгер Айгүл Орынбек балалардың оқу гранты мен шәкіртақысын алаяқтық жолмен иемденді деп айыпталған Эльмира Дүйсенқызының қамауға алынуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Оның айтуынша, істің ашылуына дейін бірқатар кедергілер болған.
Айгүл Орынбектің сөзінше, 203 миллион теңгені жымқырған күдіктіге Шымкент прокуратурасы алты ай бойы “ұрлаған ақшаны қайтару” үшін уақыт берген, бұл – ауыр қылмысты жеңілдетуге жол беру деген сөз.
– Біздің елде шын қылмыскерді ұстау үшін қанша тер төгу керегін білсеңіздер ғой! Шымкент прокуратурасы мұндай «шебер алаяқтарды» неге сонша қорғайды? 203 миллионды жымқырғанына қарамастан оған ақшаны орнына құю үшін алты ай уақыт берді. Қылмыскерге «ұрлағаныңды қайтарып қойшы» деп мейіріммен қарады. Өйткені мұндайлар – шенеуніктермен сыбайлас. Бір қазаннан ас ішкендер бір-бірінің қылмысын ешқашан ашпайды, – деді ол facebook парақшасында.
Заңгердің айтуынша, Бас прокуратураға бірнеше рет шағымданғаннан кейін ғана сотқа дейінгі тергеу амалдары қайта қозғалған.
– Бас Прокуратураның табалдырығын тоздырып жүріп, істі әрең ашқыздық, – дейді ол.
Айгүл Орынбек енді істің Шымкент соттарында қаралатынын атап өтіп, сотқа әділ шешім шығару қажеттігін еске салды.
– Шымкент соттары, өздеріңді көрсететін уақыттарың келді! – деп қорытындылады ол.



