
Өткен аптада «Әмеңгер» фильміне барған «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Қамбар Ахмет атауы елең еткізген киноны көріп тұшына алмағанын жеткізді. Өзінің әлеуметтік желісінде «Қазақтың күрделі дәстүрі туралы не айтты екен?» деп, қызығушылықпен барған фильм несімен ұнамағанын жіліктеп жазған, деп хабарлады qandastar.kz.
– Фильм дәстүрді жақтаса да, даттаса да нанымды шықса дейсің ғой. Бәлкім, режиссер әмеңгерліктің қоғамда өз орны бар екенін айтқысы келген болар. Алайда, жеткізу жолы сәтті деп айта алмас едік. Көрермен ретіндегі ойым.
Неге? Ең алдымен, әмеңгерлік – заман, кезіндегі өмір жағдайы мәжбүрлегеннен пайда болған дәстүр. Трагедия. Сондай салмақты мәселеге комедияның элементтерін араластыру неге қажет болды? Арасында жеңіл күлкі шақыратын тұстар фильмнің салмағын түсіріп-ақ тұр. Жалпы, бұл қазіргі қазақ киносына ортақ мәселе.
Екіншіден, мұндай тақырыпқа бару үшін дәстүр, салт, жораны білген жөн еді. Мәселен, інісі Архат «қаза тапқанда» басты кейіпкер – Жанатқа полицей құдасы телефонмен айта салады. Былай қарасаң, оқиға ауылда болып жатыр. Арыстай азаматы жаңағындай жағдайға тап болса, ең алдымен жақын-жуықтарына, ауылдастарына айтып, олар жайлап естіртер еді…
Әмеңгерлік. Інісі қаза тапқан соң Жанат басқа шаруаны былай қойып, келінімен бас қосу қамын ойлай бастайды. Онымен басқа емес, өзі айналысады. Әдетте мұндай жағдайда алдымен жанашыр туған-туыс, сосын әке-шеше сөз қозғаса керек еді. Көп болып кеңесіп, үлкендер жөнін, жолын айтып, орайластыратын іс еді. Олар болса мүлде жат адам сияқты қойылымнан сырт қалады.
Диалог. Кейіпкерлер арасындағы әңгіменің тігісін жатқызу керек-ақ еді. «Сенде біз бармыз». «Мен қандай еркекпін?» деген сияқты жасанды сөйлемдер құлаққа түрпідей тиеді. Жалпы, бұл – қазіргі фильмдер мен театр қойылымдарында жиі байқалатын кемшілік. Жарыққа шығарар алдында сөз білетіндерге неге бір көрсетіп алмайды деп қынжыласың.
Жанаттың әкесі былай қарасаң, көпті көрген, парасатты адам сияқты. Бірақ, сипаты мен сөзі қабыспайды. Далада ұшырасып қалған баласына бас жоқ, көз жоқ: «Ей, Жанат, қашан үйленесің?» деп дүрсе қоя береді. Баласының әңгімесіне құлақ аспай, сөйлетпей кетіп қалады. Ондай өмірлік маңызы зор әңгімені әке оттың басы, ошақтың қасында тереңнен толғап отырып, жанына тигізе жеткізсе жарасар еді.
Оқиғалар. Оқиғалар бірінің үстіне бірі қабаттасып, жылдам-жылдам өрбуі фильмнің салмағын азайта түскен. Архат аяқ астынан кісі қолынан қаза табады. Оның қалай қайтқаны ешкімді ойландырмайды. Аяқ астынан әмеңгерлік дауы басталып кетеді. Әке-шешесі мұның бәріне соншалықты қайғыра қоймайды. Мәселеге араласпайды.
Архаттың өлмегенін білетін бір топ адам қайда кетті? Олар тергелмей ме? Жұмбақ. Сосын Архат аяқ астынан пайда бола салады.
Жанатты құдасы біреуге ұрғызады. Ол шекесі жарылып, құлап жатса да, «сені кім ұрды, неге ұрды» деп сұраған адам жоқ. Ол да ұмыт қалады.
Соңында полицей жігіт қарындасын өлтірмекке оқталғанда оның жүкті екенін естіп, оқыс есін жинап, мейрімі оянып кетеді.
Сондай-сондай оқиғалар қара матаны ақ жіппен көктегендей, сендіре алмады.
Ақиқатын айту керек, біз барғанда көрермен қарасы көп болды. Өйткені, бұл бағытқа жұрттың қызығушылығы күшті. «Дәстүр» деген фильмге де тақырыбына бола барып, көңіліміз қоңылтақсып шыққан.
Әмеңгерлікті жақтап немесе даттайтын ойымыз жоқ. Ол – күрделі мәселе. Оны өмірдің түрлі жағдайында қажет дәстүр десе де немесе қазіргі заманға сай келмейтін дүние десе де, ұтымды, терең деңгейде алып шықса, қуанар едік, – деп жазды ол.
Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Олардың бірі «Жалпы бұл тақырыпқа бару үшін, оң солын барынша реттеп алу керек негізі. Себебі ол оңай тақырып емес. Қателіктерге жол бермес үшін, барынша реттегені дұрыс па еді… Әттеген ай дейміз», «Жақсы талдау. Жалпы, қазір сыншылар жоқ, көркемдік кеңес деген болушы еді. Содан болар осы типтес фильмдер көп», «Жақсы талдап жазыпсың, Қамеке. Түпкі ой жалпы қазаққа жақын тақырыпты алып, тек пайда табуды ойлау ма деп түйдім. Өзім көрмедім, дегенмен «Дәстүр» фильміне барып біздің де көңіліміз қалып қайтқан еді», «Салт дәстүрден тыс жүрген біреу сценарий жазған сияқты» деп жазса, енді бірі «Маған фильм ұнады. Кемшіліксіз болуы мүмкін емес. Негізгі мақсаты қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету деп түсіндім. Соның бірі «әмеңгерлік». Жетімді жылатпай, өз әулетінде тәрбиеленсін деген мақсат қой. Қазіргі таңда бұл дәстүрдің орындала қоюы қиындау болар. Ертеде осы дәстүрдің арқасында талай бала толыққанды болып өсті ғой. Оны өмірден өзіміз де көріп жүрміз. Кейінгі ұрпақ осы сөздің мағынасын білсе де, соның өзі жақсылық деп білемін» деп жазды.