Жаңалықтар
Trending

Бензин бағасы енді өспейді, ал ипотека алу жеңілдейді: Үкімет Тоқаевтың тапсырмасын орындады

Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шұғыл шешім қабылдады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бүгін таңертең Мемлекет басшысының берген шұғыл тапсырмасынан кейін Үкімет экономикалық реформалар барысын халық мүддесіне сай реттеу үшін бірқатар нақты шараны қолға алды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте бензин бағасынан бастап, ипотека мен салыққа дейінгі ең өзекті мәселелер бойынша маңызды шешімдер қабылданды.

Бағаны тоқтату: жанармай және коммуналдық қызметтер

Жанармай: Бүгіннен, яғни 16 қазаннан бастап инфляция тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілді.

Коммуналдық қызметтер: Бүгіннен бастап барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтер тарифін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылды. Бұл ретте жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталуы тиіс.

Азық-түлік: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін отандық өндірушілерді қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайтылады.

Бизнеске «таза парақтан» бастау мүмкіндігі

Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнеске теріс әсерін азайту үшін бірнеше маңызды шешім қабылданды:

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға артық шектеулер алынып тасталады.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» басталады. Бұл дегеніміз:

  • Салықтық тексерулер болмайды;
  • Камералдық бақылау болмайды;
  • Сотқа мәмілелерді немесе тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады.

Салықтық рақымшылық: 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарызын өтеген кәсіпкерлердің салықтар мен төлемдер бойынша өсімпұлдары мен айыппұлдары толықтай кешіріледі.

ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Ипотека дағдарысына жауап: «Наурыз» бен «Әскери баспана» жанданады

Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты банктердің ипотекалық бағдарламаларды тоқтатуына жауап ретінде Үкімет келесі шараларды қабылдады:

Халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есеге ұлғайтылады.

Бұл шара «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу арқылы жүзеге асады.

Сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Бұл жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына тек жаңа үйден ғана емес, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.

Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар аясында салынатын тұрғын үй бағасын үш жылға бекіту туралы келісімшарттар жасалады.

Автонесие және ШОБ-ты қолдау

Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халық үшін автокөлікті жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын жалғастырады.

Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу үшін лизинг тетігі енгізіледі.

«Бәйтерек» холдингіне қысқа мерзімде шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шаралары бойынша ұсыныстар беру тапсырылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл шаралардың барлығы Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі нұсқауларын орындауға бағытталғанын атап өтті.

Back to top button