
Қазақстанда автомобиль бензинінің сапасына қатысты тексеру жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сауда және интеграция министрлігі азаматтардан түскен шағымдардан кейін жанармайды өндірістен бастап тұтынушыға сатылғанға дейінгі барлық кезең бойынша зерттеп жатыр.
Павлодар облысындағы Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын тәуелсіз зертханаға тапсырды. Сонымен бірге Sinoil, QazaqOil және Helios желілерінен алынған отын үлгілері де бөлек тексеріліп жатыр. Зерттеу нәтижелері шамамен бір апта ішінде дайын болады.
Қазір министрлікке азаматтардан түскен 12 өтініш қаралуда. Оның тоғызы Астанадан, біреуі Павлодардан, екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан келген.
Бұдан бөлек, мамандар 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуын жүргізген. Сынамалар Алматыдағы бес, Алматы облысындағы бес, Абай облысындағы алты және Жамбыл облысындағы бір АЖҚС-дан алынған. Қазір олардың зертханалық сараптамасы жүргізіліп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, тексеру тек бензин өндірілетін зауытпен шектелмейді. Мамандар отынның бүкіл жеткізу тізбегін, соның ішінде мұнай базаларындағы өнім сапасын да бағалайды.
Егер зерттеу нәтижесінде бензиннің техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталса, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Атап айтқанда, талапқа сай емес жанар-жағармайды сатуға тыйым салынып, оны айналымнан алып қою қарастырылған.
Министрлік зертханалық зерттеулердің қорытындысы дайын болған кезде қосымша ақпарат беретінін хабарлады.



