
2025 жылғы 16 қазанда енгізілген мораторийге сәйкес АИ-92 бензині 239 теңгеден аспау керек еді. Алайда, желтоқсан айында ірі жанармай құю станцияларында баға 241 теңгеге дейін көтерілгені байқалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
2025 жылдың қазанында АИ-92 бензині мен дизель отынына бағаны өсіруге тыйым салынған болатын. Соған қарамастан, желтоқсанда елдің бірнеше ірі қаласында сұйық отын құнының қымбаттағаны байқалды.
«Яндекс Карты» сервисінің деректері бойынша:
- Астанада АИ-92 бағасы 237 теңгеге дейін жеткен;
- Алматыда – 241 теңгеге дейін көтерілген;
- Шымкентте – 225 теңгеге дейін өскен.
Бұл көрсеткіштер мораторий енгізілген 16 қазан күнгі деңгейден жоғары.
ҚР Энергетика министрлігі мораторийдің басты қағидасын түсіндірген болатын: баға әр жанармай құю станциясы желісінде 16 қазанда қандай деңгейде болса сол деңгейде бекітілуі керек. Яғни, бірыңғай республикалық шекті баға енгізілмейді, әр желі өз ішкі бағасын сол күнгі деңгейде сақтап қалдыруы тиіс еді.
2025 жылғы 16 қазанға дейін ірі желілерде:
- АИ-92 – 213-239 теңге,
- Дизель – 317-337 теңге болған.
Алайда, желтоқсандағы жаңа мониторинг нәтижелері бұл талаптың бірқатар жерде орындалмағанын көрсетті.
Астанадағы баға динамикасы 8 қазандағы көрсеткішпен салыстырғанда, бірқатар желілер бағаны көтерген:
- Aurika: 235 → 237 тг.
- Nomad: 231 → 235 тг.
- Helios: 233-234 → 237 тг.
- Sinooil: 234 → 237 тг.
- Qazaq Oil: 233–235 → 237 тг.
Алматыда баға 241 теңгеге жетті. 8 қазандағы ең жоғары баға – 239 теңге болса, желтоқсанда АZС-тер литрін 241 теңгеден сата бастады.
Royal Petrol, Helios, Sinooil, Qazaq Oil – барлығы 241 теңге деңгейіне көтерген.
Шымкенттегі жағдай да осыған ұқсас. Баға өсуі бұл қалада да байқалған:
- Helios: 219 → 222 тг.
- Sinooil: 217–219 → 223–225 тг.
- Qazaq Oil: 222 → 225 тг.
Мораторий кезінде бағалар сол қалпында сақталуы тиіс болғанымен, іс жүзінде АИ-92 кеңінен қымбаттағаны байқалды. Алдағы жылы отын нарығында қосымша қымбаттау күтіледі.



