
Президенттің жарлығымен Арман Исағалиев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол осыдан екі апта бұрын ғана Қазақстанның Қатардағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылған болатын.
Арман Исағалиев 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген. Сонымен қатар Мароккодағы Сиди Мұхаммед бен Абдалла университетінде және Египет Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық институтта білім алған.
Еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушы ретінде бастаған дипломат кейін Қазақстанның Египеттегі елшілігінде бірінші хатшы қызметін атқарды. Әр жылдары бизнес саласында еңбек етіп, кейін дипломатиялық қызметке қайта оралды.
2008 жылдан бері Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері (Дубай), Египет, Алжир, Тунис және Қатарда Қазақстанның елшісі қызметтерін атқарған.
Арман Исағалиев араб және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Отбасылы, бес бала тәрбиелеп отыр.



