Журналист Гүлбану Әбенова «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу алаңдарында штатында небәрі бес адам бар компанияның миллиардтаған тендерлерді жеңіп алғанына қатысты күмәнді деректерді жариялады. Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы.
Журналистің мәліметінше, Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, ТОО «Сит-Строй» компаниясында беске дейін ғана қызметкер бар. Соған қарамастан, бұл компания 2023–2025 жылдары «Самұрық-Қазына» алаңдарында шамамен 70 тендерді жеңіп алып, жалпы сомасы 21 млрд теңгеден асатын келісімшарттарға ие болған.
Әбенованың жазуынша, аталған жұмыстардың едәуір бөлігі субподрядқа берілген. Заңнама бойынша бұл рұқсат етілгенімен, оның көлемі 25 пайыздан аспауы және тапсырыс берушіге міндетті түрде хабарлануы тиіс.
Алайда ТОО «RBM Sweco Productions» басшылығының айтуынша, №809149, №839069 және №832608 тендерлері бойынша «Сит-Строй» жобалық жұмыстардың шамамен 100 пайызын субподрядқа берген, бірақ бұл туралы тапсырыс беруші «Karabatan Utility Solutions» компаниясына хабарламаған.
Жоба жұмыстары орындалғанымен, RBM Sweco Productions оларды тапсырып, төлем ала алмаған. Себебі «Сит-Строй» үш келісімшартты біржақты бұзып, мерзімнің кешіктірілуін алға тартып, сотқа жүгінген.
RBM Sweco Productions өкілдерінің мәлімдеуінше, бір жарым жылға жуық кешігу тапсырыс беруші тарапынан жобалау тапсырмасының үнемі өзгеруіне байланысты болған, ал негізгі келісімшарттар бойынша «Сит-Стройға» айыппұл салынбаған және шарттар әлі де күшінде.
Соған қарамастан, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Сит-Стройдың» талабын қанағаттандырып, RBM Sweco Productions компаниясынан 205,85 млн теңге айыппұл, өсімпұл және сот шығындарын өндіріп алу туралы шешім шығарған. Ал қарсы талап – орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу туралы талап қанағаттандырылмаған.
Нәтижесінде парадоксты жағдай қалыптасқан:
- «Сит-Строй» жалпы құны 2,55 млрд және 4 млрд теңге болатын EPS-келісімшарттар, сондай-ақ 242 млн теңгелік ТЭО әзірлеу шарты бойынша төлем алуға үміткер және «сенімді жеткізуші» мәртебесін сақтап отыр;
- Ал жобалық жұмыстарды нақты орындаған RBM Sweco Productions төлемсіз қалып, үстіне 205,85 млн теңге төлеуге міндеттелген.
Гүлбану Әбенованың жазуынша, сот барысында екі тарап қол қойған орындалған жұмыстар актілері дәлел ретінде қабылданбаған, ал орындалған жұмыс көлемін анықтау үшін сот сараптамасын тағайындау туралы өтініш қанағаттандырылмаған. Нәтижесінде соттың ұстанымы толықтай «Сит-Строй» компаниясының позициясымен сәйкес келген.
RBM Sweco Productions басшылығы бұл шешімге апелляциялық шағым түсіргенін, істердің Атырау облыстық сотында 11 ақпанда қаралатынын хабарлады.



